ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгінгі таңда бір кәсіпорында көпжылдық жұмыс өтілі бар адамдар сирек кездеседі, бірақ дәл осындай қызметкерлер ерекше құнды. Бұл үлкен сөздер туралы емес, аусымнан аусымға бірқалыпты еңбек ету, жұмыс үздіксіз жүріп жатқан кезде жалпы өндірістік қарқынды сақтай білу қабілеті туралы.
Осындай қызметкерлердің бірі №3 цехтың титан губкасын қайта өңдеу бөлімшесінің кран машинисі Тұрсын Рахимжанов. Оның артында Комбинаттағы қырық жылдан астам еңбек жолы, мыңдаған жұмыс сағаттары және іске қосқан орасан зор кәсіби тәжірибе бар. Оның жауапкершілігі сөзбен емес, іс-әрекеттің дәлдігімен және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен өлшенеді.
Кәсіби қалыптасу
Тұрсын Рахимжанов әскер қатарында қызмет еткеннен кейін, 1985 жылы бірден Өскемен титан-магний комбинатына жұмысқа орналасты. Ол еңбек жолын №8 цехта жол монтері ретінде бастап, шамамен бір жарым жыл жұмыс істеді. Бұл кезен жақсы мектеп болды: тәртіп, ұқыптылық, өндірістің қалай жұмыс істейтінін түсіну, кестеден бастап қауіпсіздік ережелерін сақтауға дейінгі әрбір ұсақ-түйектің маңызын ұғыну.
Сол жылдары ол жатақханада тұрды. Әріптестерімен бірге еңбек күндерін бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетті, мамандықтың қыр-сырын меңгерді.
– Біз ол кезде бір отбасы сияқты едік. Тек жұмыста ғана емес, қуаныш пен қиындықты да бірге бөлісетінбіз. Бұл маған ұжым мен өзара көмекті бағалауды үйретті, - деп Тұрсын Рахимжанов еске алады.
Кейін ол №3 цехқа ауысып, бұл шешім оның кәсіби өсуіндегі маңызды кезеңге айналды. Титан губкасын қайта өңдеу бөлімінде бөлуші болып жұмыс істей бастады. Бұл жұмыс зейінділікті, технологияны терең түсінуді және дәлдікті талап етті. Мұнда тек «жасау» емес, дұрыс әрі уақтында орындау маңызды еді. Бірте-бірте ол жаңа мамандықтарды игеріп, тәжірибелі әріптестерінен үйреніп, өндіріс үшін барынша пайдалы болуға ұмтылды.
Уақыт өте келе Тұрсын Рахимжанов электркөпірлі кран машинисі біліктілігін алды. 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ол кран машинисі болып еңбек етіп келеді. Бұл жұмыс тек тәжірибені ғана емес, шыдамдылықты да талап етеді: әрбір әрекет мұқият тексеріліп, шешімдер тез әрі қауіпсіз қабылдануы тиіс.
Тағдырдың белгісі
Мектеп жылдарында оқулықтардың бірінде өнеркәсіптік кәсіпорынның суреті бейнеленген еді. Сол сурет қандай да бір себептермен оның жадында ерекше сақталып қалды. Көп жылдар өткен соң, Комбинатта жұмыс істеп жүрген кезінде Тұрсын Рахимжанов сол сәтті есіне алып, мұның шын мәнінде тағдырдың белгісі болғанын түсінді.
Ол тәлімгерлерін, мамандықты үйреткен адамдарды ерекше жылылықпен еске алады. Атап айтқанда, кран машинисі Татьяна Дубровскаяны атап өтті. Ол оған жұмысты толық меңгеруге көмектесіп, кәсіби дағдылар мен өндірістік мәдениетті үйретті. Онсыз жақсы кран машинисі болу мүмкін емс еді.
Бүгінде Тұрсын Рахимжанов өзі жас мамандарға тәлімгер. Ол сабырмен түсіндіреді, көрсетеді, тәртіпке, зейінділікке және ең бастысы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Оның шәкірттері тек тұған Комбинатта ғана емес, сонымен қатар Липецк металлургия зауыты сияқты өзге де кәсіпорындарда еңбек етуде.
- Жастарды оқытқанда ең бастысы жылдамдық емес, қауіпсіздік. Алдымен тәртіп пен зейін, ал тәжірибе уақыт өте келеді, - деп атап өтеді ол.
Жауапты жұмыс
Тұрсын Рахимжанов ең күрделі учаске ретінде «жетекші кранды» атайды. Бұл жерде өндірістік ағын үздіксіз жүріп, техника іс жүзінде тоқтамайды. Жұмыс жоғары қарқында өтеді: беру, жылжыту, дәл орнату - мұның бәрі мінсіз орындалуы тиіс, өйткені бүкіл үдерістің үйлесімділігі мен учаскенің тұрақтылығы кран жұмысына тікелей байланысты.
– Біз оркестрдің дирижері секілдіміз: бүкіл цехтың жұмысы берілген қарқынға тәуелді. Ең бастысы – ұқыптылық пен қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау, - дейді ол.
Мұнда кран машинисі жәй ғана оператор емес. Ол операциялар тізбегін ойында ұстап, адамдар мен техниканы бақылап, учаскеде не болып жатқанын толық түсініп, асығыстыққа да, қауіпке де жол бермей әрекет етуі керек. Мұндай жұмыста тәжірибе шешуші рөл атқарады және қарқынды ауысымдарда да сабыр мен дәлдікті сақтауға көмектеседі.
Адал еңбегі үшін Тұрсын Рахимжанов бірнеше рет грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталған. «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалі – ел өнеркәсібін және Комбинатты дамытуға қосқан көпжылдық үлесінің мойындалуы. Алайда, оның айтуынша, аусымның бірқалыпы өтіп, тапсырмалардың бұзушылықсыз орындалуы – еңбектің ең үлкен бағасы.
Жұмыстан тыс өмір
Бос уақытында Тұрсын Рахимжанов балық аулауды ұнатады, туған жері - Зайсан қаласына жиі барып тұрады. Ондағы көлде шомылып, табиғат аясында демалады. Мұндай сапарлар оған күш-қуатын қалпына келтіріп, күнделікті қарбаластан арылуға көмектеседі.
Тұрсын Рахимжанов - үш баланың әкесі. Ұлы әке жолын жалғастырып, бүгінде Комбинатта аппаратшы болып еңбек етуде. Бұл, кейіпкеріміздің айтуынша, ерекше мақтаныш. Балалардың адал еңбекті тандап, мамандықтың қадірін сөзбен емес, іспен түсіну - үлкен қуаныш.
Өзінің басты өмірлік ұстанымын Тұрсын Рахимжанов қарапайым түрде тұжырымдайды: «Ерінбеу, табанды болу және үнемі іздену. Тек осылай ғана өсіп, жетістікке жетуге болады».
Тұрсын Рахимжановтың өмір жолы - мамандыққа адалдықтың, жауапкершіліктің және туған кәсіпорынға деген шынайы берілгендіктің жарқын үлгісі. Комбинаттың өндірісік қуаты дәл осындай жандардың арқасында нығайып келеді. Жылдар бойы тұрақты, дәл әрі сенімді еңбек етіп, өз тәжірибесін жастарға үйрететін, ең бастысы – кәсіби деңгей мен еңбекке деген құрметті сақтай білетін мамандардың арқасында.